Құрманғазы атындағы балалар саз мектебі 1949 жылы Қазақ ССР-інің Министрлер кеңесінің қаулысымен Гурьев қаласында облыстық өнер білімінің жанынан Балалар музыка мектебі болып ашылды. Мақсаты: өнерлі, дарынды балаларға жалпы музыкалық білім беру және музыка училищесіне оқушыларды дайындап, болашақ музыка өнеріне өрлеп самғауға жол ашу. Балалар музыка мектебінің 70- жылдан аса тарихы бар. Бүгінде тарихы сонау 1949 жылдан бастау алатын білім ордасына биыл міне 75 жыл. Қойнауында талай тарихты бүгіп жатқан білім ордасы осы жылдар ішінде мыңдаған шәкірттің жүрегіне нұр құйып, түлетіп ұшырды. Солардың жеткен жетістіктері, шыққан биіктері, атқарған игі істеріне сүйсініп, мақтанып жүрген жайы бар бүгіндері. Қылышынан қан тамған кеңес заманынан келе жатырған бұл мектеп - киелі шаңырақ, іргелі орда. Қазіргі таңда Айсанғалиева Райгүл Қайдарқызы басқарып отырған мектеп қаламыздағы ең көне және тұңғыш мектеп. Қазақта “тұңғыш” деген сөзге ерекше мән беріледі. Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік, үлкен сенім бар. 75 жыл бойы сол сенімді арқалап келе жатырған білім ордасының өз тарихы бар. Тарих дегеніміз, мектебіміздің өткені, бүгінгі күні, болашағы. Олай болса, мектебіміздің іргетасы қаланған жылдардан бастап, мектеп тарихынан сыр шертуді бастасақ деймін. “Өткенсіз бүгін жоқ” дегендей 75 жылдық тарихында мектеп өміріне өздерінің өшпестей ізін қалдырған ұстаздар жайлы айтпай кетуге болмас.
Санаға ақыл ұялатып, арманды алдан қиялататын, өмірді ұғынуға себеп, тірлікке кіруіңе көмек болатын, әр шәкіртін аялап, мейірім шуағын аямайтын бала жүрегінде тұлғалық табиғатын мәңгілік қалдыратын ұстаздар қауымына құрметімізді әрдайым тұтамыз. 75 жылдың ішінде Құрманғазы атындағы балалар саз мектебі шетпенінен небір айтулы азаматтар қанаттанып шыққан екен. Олар біздің ұжымда еңбек етіп, бүгінде үлкен жетістіктерге жеткен. Бұл ұстаздардың бір қатары қоғамда өз орындарын тауып, әр тарапта дәрежелі қызметтерде еңбек етуде.
Құрманғазы атындағы балалар музыка мектебі жанында 2 бөлімше жұмыс жасайды. Мектеп ғимараты типтік стандартқа сай салынған. 150 орындық концерт залы бар. Әр аспап бойынша кабинеттер жабдықталған. Мектепке 40 оқушыдан құрылған Қазақ Ұлт Аспаптар оркестрі, сырнайшылар ансамблі, скрипкашылар ансамблі, қобызшылар және термешілер ансамблі, кіші және үлкен хор ұжымдары, вокалды ансамбль жұмыс жасап, қалалық, облыстық, республикалық шараларға белсене қатысып келеді. Мұғалімдердің шығармашылығын, орындау шеберлігін арттыру мақсатында мұғалімдер оркестрі жұмыс жасайды. Жаңадан ұлттық киімдер мен әртүрлі аспаптармен жаңартылып отырады, мектептің материалдық, техникалық базасы 90% - ға қамтылған. Оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында мектепке музыкалық аспаптарды жаңарту, концерт роялі, концерттік домбыра, қобыз, баян аспаптары алынуда. Теориялық сабақтар да жаңа технологиялармен жүргізілуде. Оқушылардың білім берудегі көрсеткішін әдетте Республикалық Халықаралық өнер байқаулары анықтайды. Көптеген оқушыларымыз Франция, Австрия, Венгрия, Германия, Польша, Англия мемлекеттерінде болып, өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі орындарға ие болды. Мектебіміз тірек мектебі болғандықтан білім жетілдіру Институті қолдауымен облыстық семинарлар, мастер класс сабақтары өткізіледі.